АИТВ-инфекциясына байланысты стигма мен кемсітушілікке жол жоқ

БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС жөніндегі біріккен бағдарламасы (ЮНЭЙДС) нөл кемсітушілік күні деп жариялаған 1 наурыз қарсаңында Қазақстан Республикасы АИТВ инфекциясына байланысты стигма мен кемсітушіліктің барлық түрлерін жою жөніндегі жаһандық серіктестік бағдарламасына қосылды.
Елде ЮНЭЙДС 90-90-90 стратегиясы іске асырылуда, ол АИТВ инфекциясына байланысты алдын алуды, тестілеуді, емдеуді және күтімді қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде халықты тестілеумен қамту 13 пайыздан асады, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған көрсеткіш - 10%. Жыл сайын негізгі топтардың өкілдері (инъекциялық есірткіні қолданатын адамдар, секс-жұмыскерлер, ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар) және жүкті әйелдер көбірек тестіленеді. АИТВ бар әйелдер 99,6%-да дені сау балаларды дүниеге алып келеді. Олардың көпшілігі екінші және үшінші рет ана болады. Антиретровирустық терапия (АРТ) қол жетімді болуда, ол науқастарға диагноздан кейін бірден тағайындалады және тегін беріледі. ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының нысаналы көрсеткіші кезінде АРТ-мен қамту – 71%, бүгінде - 73% құрайды.
Қоғамдағы АИТВ-мен байланысты стигма мен кемсітушілік деңгейі жоғары болмағанда, бұл нәтижелер әлдеқайда маңызды болар еді. Бүгінгі таңда адам құқықтарын қорғау саласындағы міндеттемелерге және АИТВ-мен байланысты саяси бастамаларға қарамастан, стигматизация мен кемсітушілік бүкіл әлемде таралуда. Бұл мәселеде ортақ прогреске қол жеткізу үшін тиімді бағдарламалар мен бастамалар қажет.
Олардың бірі - Жаһандық серіктестік бағдарламасы 10 желтоқсанда, Женевада адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясының қабылдануының 70 жылдығында басталды. Жаһандық бастаманың таныстырылымында қауымдастық өкілдері медициналық және оқу орындарын, жұмыс орындарын, отбасыларды қоса алғанда, түрлі салаларда АИТВ-мен (АӨА) өмір сүретін адамдардың стигматизациясы мен кемсітушіліктерінің деңгейін төмендету бойынша өзінің тиімділігін дәлелдеген бағдарламаларды ұсынды.
- Қазақстан АИТВ-инфекциясымен байланысты стигма мен кемсітушіліктің барлық нысандарын жою бойынша Жаһандық серіктестіктің халықаралық бастамасын қолдайды. Ол Мыңжылдық декларациясында белгіленген даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізуге көмектесетініне сенімдімін. Бастаманы іске асырудың оң нәтижелері, бірінші кезекте, АӨА, тұтқындар, мигранттар және халықтың негізгі топтарының басқа да өкілдеріне қатысты болуы тиіс, - дейді ҚР ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Бауыржан Байсеркин.

