Баспасөз релизі Соңғы бес жылда Қазақстанда АИТВ-мен ауыратын адамдардың емделуге бейімділігі екі есеге көбейді
Мамыр айының үшінші жексенбісінде Дүниежүзілік ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күні атап өтіледі. Оны Қазақстанда COVID-19 пандемиясы кезінде өткізу – бұл АИТВ және коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуына қарсы іс-қимыл жасауға дайын екендігін көрсетудің, эпидемиямен күресте күш-жігерді біріктірудің, адамдардың АИТВ-инфекциясы туралы хабардар болу деңгейін арттырудың, АИТВ-мен өмір сүретіндерге қолдау білдірудің тағы бір мүмкіндігі.
Соңғы бес жылда елде АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды (АӨА) арнайы антиретровирустық (АРВ) препараттармен қамту 43-тен 73 пайызға дейін артты. Бұл дегеніміз, елдегі АӨА басым көпшілігі денсаулықты сақтау үшін қажетті дәрі-дәрмектерді тегін алады.
- Емделушілердің денсаулығын сақтау және сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін дәрігерлер емдеу тәсілдерін жетілдіруде, еліміз заманауи препараттарды сатып алуда. Соңғы айдың инновациясы ЖИТС-тың барлық өңірлік орталықтарында байланысқа дейінгі профилактиканы енгізу болды. Ол АИТВ-ның алдын алу мақсатында ДДҰ (Дүниежүзілік денсаулық ұйымы) ұсынымы бойынша әлемде сәтті түрде енгізілуде. Байланысқа дейінгі профилактика АРВ-препараттарын тек АӨА ғана емес, сондай-ақ АИТВ теріс нәтижесі бар адамдарға, оның ішінде АӨА жыныстық серіктестеріне, дискордантты жұптар мен трансгендерлік әйелдерге де алуға мүмкіндік береді, - дейді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директорының м. а. АсылханАбишев.
2021 жылғы 1 мамырға ЮНЭЙДС 90-90-90 Стратегиясын орындаудың қазақстандық көрсеткіштері мынадай:
- АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 83 пайызы өздерінің мәртебесін біледі,
-олардың 73 пайызы АРВ препараттарын қабылдайды,
-84 пайызында анықталмаған вирустық жүктеме бар.
Қазақстандық мамандардың маңызды жетістіктерінің бірі – АИТВ-сы бар әйелдердің дені сау баланы дүниеге әкелуінің 99,8 пайызға дейін артуы. Осыған байланысты Қазақстан өткен жылы ДДҰ-ға анадан балаға АИТВ-ның берілуін жою туралы сертификат алуға өтінім берді.
Бүгінде Қазақстан Республикасында АИТВ-инфекциясының эпидемиясы шоғырланған сатыда тұр.
Облыста 1989 жылдан бері өсім қарқынмен АИТВ-жұқпасын жұқтырған 584 адам тіркелген, оның ішінде Қазақстан азаматтары– 481.