"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің 161-бабы. АИТВ инфекциясымен өмір сүретін адамдарды әлеуметтік және құқықтық қорғау.
1. АИТВ инфекциясымен өмір сүретін адамдарға білім беру ұйымдарында оқуы, санаторий-курорттық ұйымдарда және сауықтыру білім беру ұйымдарында болуы шектелмейді.
2. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек шартын тоқтатуға, еңбек шартын жасасуға тыйым салуға, білім беру ұйымдарына және әлеуметтік мекемелерге қабылдауға, сондай-ақ АИТВ инфекциясымен өмір сүретін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасауға, сол сияқты олардың жақын туыстарының тұрғын үй және өзге де құқықтары мен мүдделеріне қысым жасауға жол берілмейді.
3. Алдын ала және мерзімдік медициналық қарап-тексеруге жататын қанмен, басқа да биологиялық сұйықтықтармен және биоматериалдармен байланысы бар медицина қызметкерлерінен басқа, жұмыс берушінің АИТВ инфекциясына зерттеп-қарау нәтижелерін сұрауына жол берілмейді.