Таяудағы он жылда ЖИТС салдарынан 440 мың адам қайтыс болады
Иммун тапшылығы вирусы бар адамдарды, секс-бизнес қызметкерлерін және дәстүрлі емес бағыттағы адамдарды стигматизациялау, криминализациялау және кемсіту – АИТВ/ЖИТС-пен күрестегі негізгі кедергілер. Дәл осы әлеуметтік және құқықтық кедергілер ЖИТС-тің салдарынан алдағы он жылда жүздеген мың адамның қайтыс болуының басты себебі болуы мүмкін.
Бұл туралы БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС бойынша біріккен бағдарламасының (ЮНЭЙДС) жаңа баяндамасында айтылған.
АИТВ індеті басталғаннан қырық жыл өткен соң, ЖИТС өлімнің басты себептерінің бірі болып қала береді. 2019 жылы ЖИТС-тен және онымен байланысты аурулардан 690 мың адам қайтыс болды. Сол жылы 1,7 миллион адам – оларда АИТВ-инфекциясы бар екенін білді. Жалпы, әлемде 38 миллион АИТВ жұқтырғандар бар және олардың 12 миллионы емделуге қол жеткізе алмайды.
Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағында АИТВ індеті әлемнің кез-келген жеріне қарағанда тез таралады. Тоғыз жыл ішінде, 2010 жылдан 2019 жылға дейін, бұл елдерде жаңа жағдайлардың саны 72 пайызға артты – бұл басқа аймақтарға қарағанда көп. Салыстыра кетсек, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада бұл көрсеткіш сол кезеңде тек 21 пайызға өсті. Дереккөз: https://news.un.org/