АИТВ-инфекциясының алдын алу: ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек


Қарғалы қалалық ауруханасының медицина қызметкерлеріне АИТВ-инфекциясының алдын алу мақсатында ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетілді. Іс-шараны облыстық ЖИТС орталығының мамандары ұйымдастырды.
Семинар барысында эпидемиологиялық бөлімінің дәрігері Жумагуль Кузбакова қатысушыларды облыстағы АИТВ-инфекциясының эпидемиологиялық ахуалымен, АИТВ-инфекциясы бойынша қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілермен және инфекцияның вертикальді жолмен берілуінің алдын алу шараларымен таныстырды.
Сондай-ақ, дәрігер-зертханашы Ардақ Шегреева АИТВ-ға экспресс-тестілеу жүргізу әдістемесі, сапаны қамтамасыз ету және бақылау, нәтижелерді интерпретациялау мен құжаттаманы дұрыс жүргізу бойынша практикалық сабақ өткізді.
Мұндай іс-шаралар медицина қызметкерлерінің білімін арттырып, АИТВ-инфекциясының таралуын алдын алуға ықпал етеді.