АИТВ-инфекциясының профилактикасы, диагностикасы және емдеудегі жаңашылдықтары: Ақтөбеде ауруды ерте анықтау мен кешенді тәсілге баса назар аударылуда

АИТВ-инфекциясы саласындағы қазіргі тәсілдер мен тиімді шешімдер Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласының негізгі бағытына айналуда. Облыста АИТВ-инфекциясының профилактикасының, ерте диагностикалаудың және дербестендірілген емдеудің заманауи әдістері енгізілуде, бұл пациенттердің өмірін сақтап қалуға және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Профилактикадағы жаңа әдістер халықтың хабардарлығын және тестілеудің қолжетімділігін арттыруға баса назар аударады. Облыстың ЖИТС орталығы мен медициналық ұйымдарының базасында АИТВ-ға ерікті құпия кеңес беру және тестілеу кабинеттері жұмыс істейді. Профилактикалық бағдарламаларда халықтың негізгі топтары мен жастар қамтылуда.
АИТВ — дан қорғаудың инновациялық стратегиясы - АИТВ-ның жанасуға дейінгі профилактикасына ерекше назар аударылады. Соңғы бір жылда өңірде жанасуға дейінгі профилактика бағдарламасына қатысушылар саны екі есеге артты (194-тен 407 адамға дейін). Ағартушылық кампаниялар, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар, еріктілермен және серіктес ұйымдармен жұмыс жасау арқылы осы қорғау шарасы туралы хабардарлылық артуда.
— "Бүгінгі күні профилактикалық жұмыстар тек парақшалар таратып дәріс оқумен шектелмейді. Біз мақсатты онлайн - кампаниялар жүргіземіз, үкіметтік емес ұйымдармен және жастар денсаулық орталықтарымен ынтымақтастықта жұмыс істейміз. 2025 жылдың басынан бері облыста АИТВ-инфекциясының 31 жағдайы анықталды, бұл өткен жылдың деңгейінде. ЖИТС орталығы әр науқасқа қолдау көрсетіп, тек медициналық қана емес, сонымен қатар психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетуде. Біздің басты мақсатымыз - пациенттердің сенімі болса, ал табысқа жетудің кілті – емге бейімділікті сақтап қалу", - деп атап өтті ЖИТС орталығының бас дәрігері Айгүл Дуйсенбаева.
Диагностиканы жетілдіру маңызды бағыт болып табылады. ЖИТС орталығының зертханасы халықаралық аккредиттеуден өтті және ең заманауи жабдықтармен жабдықталған. Соңғы жылдары экспресс-тестілеу кеңейтілді: енді оны тек медициналық мекемелерде ғана емес, сонымен қатар жылжымалы науқандар кезінде, сауда орталықтарында, вокзалдарда, оқу орындарында және жастар денсаулық орталықтарында да өтуге болады. Жыл сайын АИТВ - ға тестілеу саны артып келеді - бір жыл ішінде облыстың әрбір бесінші тұрғыны өзінің АИТВ-статусын біледі. АИТВ-инфекциясын диагностикалауда заманауи зертханалық технологиялар қолданылады, бұл ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе уақтылы емдеуді бастау және инфекцияның берілуіне жол бермеу үшін өте маңызды.
Аймақта тағайындалған антиретровирустық терапия (АРТ) халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Соңғы буын препараттары вирусты тиімді түрде басады, бұл пациенттерге толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді. Пациенттер қолдануға ыңғайлы күніне бір ғана рет ішетін аралас терапия қабылдайды. Ақтөбе облысында облыстың медициналық ұйымдарының гепатологтарымен, дерматовенерологтарымен және наркологтарымен ынтымақтастық белсенді дамып келеді, бұл қосарланған инфекциялары бар (В және С гепатиттері, туберкулез) науқастарға кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Тестілеуден бастап емдеуге дейінгі барлық қызметтер АИТВ — мен өмір сүретін адамдарға құпиялылық пен науқасты құрметтеу принциптерін сақтай отырып, мүлдем тегін ұсынылады.
Ақтөбе ЖИТС орталығы еске салады: ерте анықтау-табысты емдеудің кепілі. Үнемі тестілеу, денсаулықты сақтау және дәрігерлердің ұсыныстарын орындау АИТВ диагнозымен де ұзақ және сапалы өмір сүруге көмектеседі.